Қостанайда пышақталған болуы мүмкін ит ветеринарлық клиникада көз жұмды
Қостанай қаласында денесінде ауыр жарақаттары бар питбуль табылып, кейін ветеринарлық клиникада өлді. Оқиға туралы жануарларды қорғаушыларға куәгерлер хабарлаған. Қазір бұл жағдайды полиция тергеп жатыр.
Жануарларды қорғаушы Анастасия Серикованың айтуынша, ит Құрылысшылар клубы ауданындағы пәтерлердің бірінде болған. Куәгерлердің хабарлауынша, жануар қатты қансырап жатқанымен, пәтер иесі оны бірден алып шығуға рұқсат бермеген.
Оқиға орнына барған ерікті итті өзіне беруді сұрағанымен, үй иесі келіспей, жанжал шығарған. Осыдан кейін Анастасия Серикова полиция шақырған.
Зооқорғаушының сөзінше, түнгі сағат екілер шамасында ғана итті пәтерден алып шығуға мүмкіндік туған. Жануардың денесінде шаншылған және кесілген болуы мүмкін жаралар болған. Ит шұғыл түрде ветеринарлық клиникаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Жануардың қандай жағдайда және кімнің әрекетінен жарақат алғаны әзірге белгісіз. Бұл жайтты тергеу барысында анықтау қажет.
Қостанай облысының полиция департаменті оқиғаға қатысы болуы мүмкін адамның анықталып, полиция бөліміне жеткізілгенін хабарлады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр.
Аталған факті бойынша жануарға қатыгездік көрсету дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
USD