Астанада салмағы 6 келіден асатын алып сәби дүниеге келді
Астанада ерекше салмақпен дүниеге келген нәресте көпшіліктің назарын аударды. Қалалық перинаталдық орталықта салмағы 6 келі 140 грамм, ал бойы 64 сантиметр болатын ұл бала өмірге келді.
Медициналық мекеменің мәліметінше, нәрестенің анасы Жұлдыз Әбдікәрімова таңғы сағат 08:25-те босанған. Сәбидің салмағы мен бойы қалыпты көрсеткіштерден айтарлықтай жоғары болғандықтан, дәрігерлер босандыруды кесар тілігі арқылы жүргізген.
Қазіргі уақытта анасы мен нәрестенің жағдайы тұрақты. Екеуі де дәрігерлердің бақылауында, қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Жаңалық әлеуметтік желі қолданушылары арасында да қызу талқыланды. Көпшілік жас ана мен сәбиге ақ тілектерін арнап, қуанышымен бөлісті.
«Құтты болсын!», «Бауы берік болсын!», «Тіл-көзден аман болсын!», «Нағыз батыр дүниеге келіпті!» – деп жазды желі қолданушылары.
USD