Атырауда әйелін өлтірді деп айыпталған ер адамның сотында жан түршігерлік айғақтар көрсетілді
Атырау облысында азаматтық некедегі әйелін өлтірді деп айыпталған Ерсінбек Жұмағалиевтің ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Қайғылы оқиға биыл жазда болған. Марқұм Алмагүл Шымырованың артында үш жасар қызы қалды.
«Jagdai» ақпараттық паблигі сот отырысынан видео жариялады. Онда прокурорлардың жарыссөз барысында қылмыс орнынан алынған заттай дәлелдемелерді көрсеткен сәті түсірілген.
Сотқа марқұмның үстінде болған жейде, төсек жабыны және қылмыс құралы ретінде танылған пышақ ұсынылған. Кадрлардан әйелдің киімінде көптеген пышақ іздері барын, ал көрпеде қан дақтары қалғанын көруге болады.
Прокурорлар бұл заттарды істегі маңызды айғақтар ретінде таныстырып, қылмыстың ауырлығына назар аударған. Айыптау тарапы соттан Ерсінбек Жұмағалиевті өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрап отыр.
Ал қорғаушылар өз кезегінде сотталушыға 10 жыл мерзімге жаза тағайындауды өтінген.
Қылмыстық істі аса ауыр қылмыстар жөніндегі соттың судьясы Зарема Хамидуллина қарап жатыр.
Сот процесі барысында оқиғаның мән-жайы мен ұсынылған заттай дәлелдемелерге құқықтық баға беріледі. Үкім әзірге жарияланған жоқ.
USD