Батыс Қазақстан облысында жол апатынан бір әйел қаза тауып, тағы бір адам жарақат алды. Оқиғаға Lada Priora көлігін мас күйінде басқарған жүргізуші себеп болған. Ол жол-көлік оқиғасынан кейін тоқтамай, оқиға орнынан кетіп қалған.
Жол апаты 8 қыркүйек күні сағат 23:00 шамасында Круглоозерное ауылында тіркелді. Алдын ала мәлімет бойынша, жеңіл көлік жүргізушісі жол жиегімен жүріп келе жатқан екі әйелді қағып кеткен. Соқтығысудан кейін ол жылдамдығын бәсеңдетпей, оқиға орнынан бой тасалаған.
Әйелдердің бірі алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Екінші зардап шегуші медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілді.
Полиция қызметкерлері жүргізушінің кім екенін анықтап, көп ұзамай оны ұстады. Медициналық сараптама оның апат кезінде алкогольдік масаң күйде болғанын растаған. Күдікті қамауға алынды.
Алдын ала ақпарат бойынша, жол апатынан зардап шеккендер — анасы мен қызы. Расталмаған мәліметке сәйкес, қаза болған әйел 31 жаста болған. Оның анасы қазіргі уақытта ауруханада ем қабылдап жатыр.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Құзырлы органдар жол апатының барлық мән-жайын анықтап жатыр.
USD