2027 жылғы республикалық бюджет жобасы депутаттардың сынына ілікті. Құрылтайдың вице-спикері Дания Еспаева 2027–2029 жылдарға арналған бюджет параметрлерін талқылау барысында шығыстардың негізділігі, бюджет тапшылығы мен мемлекеттік қарызға қатысты бірқатар мәселені көтерді.
Келесі жылы республикалық бюджет шығыстары 30,2 трлн теңге, ал бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 2,3 пайызы деңгейінде жоспарланған. Еспаеваның айтуынша, бұл көрсеткіштер белгіленген шекті деңгейлерге өте жақын, сондықтан бюджетте экономикалық жағдай нашарлаған жағдайда маневр жасауға мүмкіндік аз.
Ол Үкіметтен жоспарланған параметрлерді қалай сақтайтынын түсіндіруді және ірі шығындардың әрқайсысы қандай нақты нәтижеге әкелетінін көрсетуді сұрады.
Вице-спикер мемлекеттік қарызға қызмет көрсету шығындарының да өсіп отырғанын атап өтті. Оның дерегінше, қарызды өтеу мен оған қызмет көрсетуге жұмсалатын қаражат мемлекеттің меншікті кірістерінің 40,6 пайызына жетеді.
Сонымен қатар Жоғары аудиторлық палатаның бюджет жобасына қатысты ұсыныстары да айтылды. Палата 396,3 млрд теңге көлеміндегі шығысты қысқартуды, ал негізделген бағыттарға қосымша 46 млрд теңге бөлуді ұсынған.
Еспаева бюджетке енгізілетін әрбір ірі шығынның нақты негіздемесі, іске асыру тетігі және өлшенетін нәтижесі болуы қажет екенін айтты. Оның пікірінше, бюджет талқылауы тек жекелеген баптарға қаржы қосу немесе қысқартумен шектелмей, қабылданатын шешімдердің ұзақ мерзімді әсерін бағалауға бағытталуы тиіс.
USD