Батыс Қазақстан облысында өрт сөндіру кезінде төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері қаза тапты. Қайғылы оқиға Жәнібек ауданындағы «Татран» қыстауы маңында болған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 3 қыркүйекте аталған аумақта қураған шөп өртеніп, өртті ауыздықтау жұмыстары жүргізілген. Сол кезде қызметтік міндетін атқарып жүрген өрт сөндіру бөлімінің қызметкері қаза тапқан.
Марқұм Миршат Халиуллин 1994 жылы Жәнібек ауылында дүниеге келген. Ол өрт сөндіру бөлімінде взвод командирі қызметін атқарған. Туыстарының айтуынша, Миршат бала кезінде анасынан айырылып, әкесінің тәрбиесінде өскен.
Қаза тапқан қызметкердің туысы Алтай Бақтығалиев әлеуметтік желіде марқұм туралы жазба жариялап, оның елді мекендер мен даланы тілсіз жаудан қорғау жолында еңбек еткенін атап өтті.
Жақындарының айтуынша, қайғылы жағдайдың тағы бір ауыр тұсы бар. Миршаттың дүниеден өткен күні оның анасы Анаргүлді жер қойнына тапсырған күнмен сәйкес келген. Осы сәйкестік отбасы үшін қасіретті одан әрі ауырлатқан.
Төтенше жағдайлар министрлігі марқұмның отбасына көңіл айтып, жерлеу рәсімін ұйымдастыруға және қажетті көмек көрсетуге қолдау білдірген. Ведомство қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан әрбір қызметкердің еңбегі мен ерлігі әрдайым құрметпен еске алынатынын жеткізді.
USD