Қазақстан экономикасы алдағы үш жылда жыл сайын орта есеппен 5 пайыздан жоғары өседі деп болжанып отыр. Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Құрылтай отырысында 2027–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстыру кезінде мәлімдеді.
Болжам әлемдік экономикадағы өзгерістер мен сыртқы нарықтардағы ахуалды ескере отырып жасалған. Халықаралық ұйымдар мен инвестициялық банктер мұнай бағасына қатысты күтулерін қайта қарағандықтан, Қазақстанның базалық сценарийінде қара алтынның бағасы барреліне $70 деңгейінде белгіленген.
Осы сценарийге сәйкес, елдің номиналды жалпы ішкі өнімі 2027 жылғы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін ұлғаюы мүмкін.
Үкімет мұнай бағасының төмендеуіне қарамастан экономикалық өсімді ішкі факторлар арқылы сақтауды көздеп отыр. Негізгі серпін өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларынан күтіледі.
Сыртқы саудада да оң баланс сақталады деген болжам бар. Тауар экспорты 2027 жылы $82,8 млрд болса, 2029 жылы $88,5 млрд-қа дейін өсуі мүмкін. Импорт көлемі тиісінше $80,5 млрд-тан $88,4 млрд-қа дейін артады деп күтілуде.
Республикалық бюджет кірістері де көбейеді. 2027 жылы бюджетке 19,9 трлн теңге түседі деп жоспарланған. Бұл биылғы бағалаудан 2,8 трлн теңгеге жоғары.
Сонымен қатар Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферт 2027–2028 жылдары 2,43 трлн теңге, ал 2029 жылы 2 трлн теңге көлемінде белгіленген. Үкімет Ұлттық қордың таза валюталық активтерін де арттыруды жоспарлап отыр: 2027 жылы оның көлемі $65,2 млрд, 2029 жылы $70,6 млрд болуы мүмкін.
Азамат Әмриннің айтуынша, базалық сценарийде экономикалық өсімнің негізгі тірегі мұнай емес секторлар мен ішкі экономикалық белсенділік болмақ.
USD