Солтүстік Қазақстан облысында ауыр қылмысы үшін 21 жыл 9 айға сотталған ер адам түрмеде отырып бопсалаумен айналысқан. Ол бейнеқоңырау арқылы екі жігітті қорқытып, олардың атына несие рәсімдеткені үшін тағы 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот материалдарына сәйкес, ер адамның сыбайластары Петропавлдағы сауналардың бірінде екі азаматты қорқытып, ақша талап еткен. Сол уақытта түрмеде отырған «Саша» бейнебайланысқа шығып, ақша берілмесе, оның серіктері күш қолданатынын айтқан.
Қорыққан жәбірленушілердің бірі 300 мың теңге, екіншісі 145 мың теңге көлемінде несие рәсімдеген.
Тергеу барысында күдіктінің қылмысқа қатысы толық дәлелденген. Сыбайластарының оны «Саша» деп атағаны анықталып, олардың хат алмасуларынан қылмысты алдын ала жоспарлағаны белгілі болған. Сонымен қатар базалық станция мәліметтері қылмыс кезінде ер адамның телефоны түрме аумағында болғанын көрсеткен.
Бірінші сатыдағы сот оны жаңа қылмысы үшін 3 жылға соттаған. Алайда ол бұрын 2011 жылы ауыр қылмыс жасағаны үшін 21 жыл 9 айға бас бостандығынан айырылған болатын.
Осылайша, жазасын толық өтеп үлгермей түрмеде отырып жаңа ауыр қылмыс жасағанын ескере отырып, бопсалау ісі бойынша түпкілікті жаза мерзімі 8 жыл болып белгіленді.
USD