Қазақстанда жылдық инфляция деңгейі төмендеді. 2026 жылғы тамыз қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 9,8% болды. Салыстыру үшін, шілдеде жылдық инфляция 10,2% деңгейінде тіркелген. Ал айлық инфляция 0,6% шамасында сақталды. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
Тамызда кейбір азық-түлік өнімдерінің бағасы айтарлықтай арзандаған. Әсіресе маусымдық көкөністер мен жемістер бойынша төмендеу байқалды. Картоптың бағасы бір айда 12,3%-ға, тәтті бұрыш 11,9%-ға, қырыққабат 9,7%-ға, жүзім 8%-ға, ал пияз 7,7%-ға түскен.
Сонымен қатар алма 5,1%-ға, сәбіз 5%-ға, лимон 4,7%-ға, қызылша 3,6%-ға, алмұрт 1,8%-ға, қияр 1,5%-ға арзандады.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында ең елеулі өзгеріс қолданыста болған жеңіл автокөліктер бағасында байқалды. Бір ай ішінде олардың құны 5,3%-ға төмендеген. Планшеттер 5%-ға, медициналық маскалар 2,9%-ға, термометрлер 1,9%-ға арзандады. Электр еттартқыштар мен балалар жөргектерінің бағасы 0,8%-ға төмендеген.
Жылдық есепте азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы 11,4%-ға, азық-түлік өнімдері 9,5%-ға, ал ақылы қызметтер 8,9%-ға өскен.
Өткен жылдың тамызымен салыстырғанда да кейбір азық-түлік тауарларының бағасы төмендеген. Ең үлкен арзандау баклажан бойынша тіркелді — 46,8%. Қияр 39,9%-ға, қызанақ 13,6%-ға, алма 10,6%-ға арзандаған.
Сондай-ақ сарымсақ бағасы 7,2%-ға, мандарин 5,9%-ға, қырыққабат 5,2%-ға, банан 4,2%-ға және апельсин 2,6%-ға төмендеген.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар ішінде бір жылда ең көп арзандаған өнім — Қазақстанда шығарылған жаңа жеңіл көліктер. Олардың бағасы 16,9%-ға түскен. Электр бұрғылары мен бұрауыштар 8%-ға, кондиционерлер 7,6%-ға, медициналық бинттер 3,1%-ға арзандады.
USD