Қазақстанда аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген әйел Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланды. Бас прокуратураның мәліметінше, ол бірнеше рет жасалған алаяқтық фактілері бойынша халықаралық іздеуде болған.
Тергеу материалдарына сәйкес, күдікті 2020-2023 жылдары ауыл шаруашылығы өндірушілеріне арналған мемлекеттік қолдау бағдарламаларының қаражатын заңсыз иемдену схемасын ұйымдастырған.
Құқық қорғау органдарының нұсқасы бойынша, әйел басқа адамдардың атына рәсімделген шаруа қожалықтарын пайдаланған. Сонымен қатар асыл тұқымды ірі қара мал сатып алынғаны туралы жалған келісімшарттар мен басқа да құжаттар әзірленіп, солардың негізінде жеңілдетілген несие және мемлекеттік субсидия алу жүзеге асырылған.
Тергеу дерегіне сәйкес, осы әрекеттердің нәтижесінде мемлекет пен өзге де жәбірленушілерге келген шығын көлемі 238 миллион теңгеден асқан.
Қылмыстық әрекеттерден кейін күдікті Қазақстаннан тыс жерге шығып, құқық қорғау органдарынан бой тасалаған. Осыдан кейін оған халықаралық іздеу жарияланған.
Биыл наурыз айында әйел Грузия аумағында ұсталды. Қазақстан Бас прокуратурасының экстрадициялау туралы өтініші қанағаттандырылып, күдікті елге жеткізілді.
Қазір ол тергеу изоляторында қамауда отыр. Аталған қылмыстар бойынша сотталған жағдайда оның мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Бас прокуратураның мәліметінше, жыл басынан бері Грузиядан Қазақстанға қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін жеті адам экстрадицияланған. Олардың бесеуі бөтеннің мүлкін жымқыру деректері бойынша халықаралық іздеуде болған.
USD