Алматы облысының Ұзынағаш ауылында 21 жастағы бойжеткеннің өліміне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Диананың денесі 29 маусымда ерлер дәретханасынан табылған.
Марқұмның жақындары оның өзіне қол жұмсағанына күмән келтіреді. Туыстары қыздың өліміне басқа адамдардың қатысы болуы мүмкін деп есептеп, істің жан-жақты тексерілуін талап етуде.
«Криминальный Казахстан» жариялаған ақпаратқа сәйкес, Диананың анасы қызының қайтыс болар алдындағы әрекеттері оның өзіне қол жұмсауды жоспарлағанын көрсетпейтінін айтқан. Оның сөзінше, бойжеткен анасына сыйлықтар алып, оны сұлулық салонына апарған және концертке билет сатып алған.
Сол күні Диана жұмыстан шыққаннан кейін ағасының үйіне баруы тиіс болған. Алайда түнде онымен байланыс үзілген.
Туыстарының айтуынша, қыздың денесінен бірнеше көгерген із байқалған. Бұған қоса, олардың сөзінше, Диананың сөмкесінде болған 100 мың теңге мен мойнындағы алтын әшекей жоғалған. Кейін оның кейбір жеке заттарын жақындары жырадан тауып, тергеу органдарына тапсырған.
Отбасы оқиғаға қатысты болуы мүмкін куәгердің сөзін де алға тартып отыр. Туыстарының мәліметінше, әйел дәретхана маңынан екі көлік пен төрт жас жігітті байқағанын айтқан.
Полиция бұл факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы негізінде қылмыстық іс қозғаған.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның нақты мән-жайы мен қыздың өліміне не себеп болғанын тергеу нәтижесінде анықтау жоспарлануда.
USD