28 тамыз күні Алматы халықаралық әуежайында техникалық тексеруден өтіп жатқан FlyArystan әуе компаниясының ұшағында өрт шықты. Оқиға кезінде бортта жолаушылар мен экипаж мүшелері болмаған.
Алдын ала мәлімет бойынша, әуе кемесі жоспарлы техникалық жұмыстардан өтіп жатқан. Өрт шыққан сәтте ұшақ ішінде тек компания қызметкерлері болған.
Журналист Михаил Козачковтың Telegram-арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, оқиға салдарынан FlyArystan компаниясының бір қызметкері күйік алған. Оған медициналық көмек көрсетілген.
Air Astana компаниясының баспасөз қызметі оқиға болғанын растады. Компания мәліметінше, өрт ошағы дер кезінде анықталып, қысқа уақыт ішінде сөндірілген.
Зардап шеккен қызметкерді дәрігерлер тексергеннен кейін ауруханадан үйіне жіберген. Қазіргі таңда оның жағдайына қатысты қосымша қауіп жоқ екені хабарланды.
Компания өкілдері оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
USD