Баласы үш жасқа толмаған аналардың еңбек құқығын қорғайтын құжат Сенатқа жолданды
Мәжіліс “Толық емес жұмыс уақыты жағдайларындағы жұмыс туралы конвенцияны ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасын Сенатқа жіберді.
Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновтің айтуынша, құжаттың басты мақсаты толық уақыт жұмыс істемейтін адамдарға толық уақыт жұмыс істейтін адамдарға берілген артықшылықтарың баламасын беру.
Мәселен, министр атап өткендей, жарты күн жұмыс істейтін адам да толық күн жұмыс істейтін адам сияқты мереке күндері демалып, ақылы демалысқа толық шығуы керек. Тек бұл жерде ақылы демалыстың мөлшері жалақысына қарай есептеледі.
Ал осы құжат бойынша қорытынды ұсынған Мәжілістің әлеуметтік даму комитеті заң жобасының негізгі тұстарын атап өткен.
“Ратификацияланатын Конвенция толық емес жұмыс күні жұмыс істейтін еңбекшілерді қорғауды қамтамасыз ету үшін шаралар кешенін қабылдауды көздейді. Олардың ішінде:
- ұжымдық келіссөздерді жүргізу құқығы және еңбекшілердің өкілдері ретінде қызмет ету құқығы;
- қауіпсіздік және еңбек гигиенасы;
- еңбек және жұмыспен қамту саласында кемсітушілікке жол бермеу;
- ананы қорғау;
- еңбек қатынастарын тоқтату құқығы;
- жыл сайынғы ақылы демалыс немесе ақылы мереке күндері;
- ауруы бойынша демалыс бар.
Конвенцияны ратификациялау еңбек қатынастары саласында халықаралық стандарттарды одан әрі енгізуді қамтамасыз етеді”, - делінген қорытынды құжатта.
Өңірлерді аралаған депутаттар болса, аймақтарды аралаған кезде көбіне үш жасқа толмаған балалары бар аналар жарты күн жұмыс істеуге жағдай жасап беруді сұрағандарын айтады.
Еңбек министрі бұл мәселе қазіргі Еңбек кодексінде де көзделгенін атап өтті. Министрдің айтуынша, осы өзгерістерге сай баласы үш жасқа толмаған ана жарты күн жұмыс істегісі келсе, оның өтініші міндетті түрде қабылдануы керек
“Жалпы, 2021 жылдың төртінші тоқсанында елімізде 470 мыңнан астам адам әртүрлі салада жарты күн жұмыс істеп жүр”,-деп атап өтті министр.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ