Ботай мәдениетін ашқан әйгілі ғалым Виктор Зайберт өмірден озды
Ботай мәдениетін ашқан тарихшы ғалым Виктор Зайберт дүниеден озды. Ол Солтүстік Қазақстан жерінің ежелгі тарихы жайындағы 100 ден астам монография мен ғылыми мақалалардың авторы. Ең алғаш рет жылқыны Ботай қонысының тұрғындары қолға үйреткенін дәлелдеген.
Виктор Зайберт жылқы жануары ең алғаш рет Қазақстан жерінде қолға үйретілгенін ашып қана қоймай, әлемге әйгіледі. Ғалымның дүние салуына ұзақ жылғы сырқаты себеп болған. Қоғам қайраткері 75 жасқа толған болатын.
«Көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы және археология профессоры Виктор Федорович Зайберт өмірден өтті. Виктор Зайберттің қажырлы еңбегінің арқасында бүкіл әлем Ботай мәдениеті туралы білді. Біздің ғалым Солтүстік Қазақстан даласында алғаш рет жылқының қолға үйретілгенін дәлелдеді. Солтүстік Қазақстан археологының көпжылдық еңбегі-еліміздің тарихи мұрасы. Виктор Федорович Зайберттің отбасына қайғырып көңіл айтамын, біз сіздермен бірге қайғырамыз», - деп жазды СҚО әкімі Құмар Ақсақалов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Виктор Зайберт – Германия археологиялық институтының корреспондент, ҚР қоғамдық ғылымдар академиясының мүшесі. Қоғамдағы өзара келісімді сақтаудағы жемісті еңбегі, бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастықты нығайтудағы сіңірген еңбегі үшін ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталған.
«Біз, оның әріптестері, сондай-ақ мәдениет, ғылым және педагогика қызметкерлері, студенттер мен оқушылар, өлкетанушылар, археологтар мен тарихшылар қауымы орны толмас қазаға ұшырадық. Дүниеден айтқан сөзіне құлақ түріп, бағалаған, шексіз құрметтейтін, бағыт-бағдар берген адам кетті. Жоспарланған жобалар мен ғылыми жұмыстардың барлығын толық орындамай кетіп қалды. Виктор Федорович өзін биік істерге – туған жерге деген сүйіспеншілік пен қызмет етуге, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге және бүкіл әлемге Ұлы Дала тарихының парақтарын ашуға арнаған жарқын да дана тұлға ретінде мәңгі есте қалады», - деп жазды ғалымның әріптестері.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ