Қаңтарда зардап шеккен бизнес субъектілерінің шығыны толық өтелуге жақын
Қаңтардағы қақтығыстан зардап шеккен бизнес субъектілерінің шығыны толық өтелуге таяп қалды. Қазір Алматы қаласында кәсіпкерлердің 1139 өтініші мақұлданып, шамамен 5 млрд. 300 млн. теңге төленіпті. Әкімдік барлық өтініш 100 пайыз қаралып біткенін мәлімдеді, деп хабарлады КТК телеарнасы.
"4 млрд 194,6 млн. теңге сомасындағы 595 өтініш бюджет қаражатынан, 1 091,9 млн. теңге сомасындағы 544 өтініш «Жаңа Алатау» қорының қаражатынан мақұлданды. Қалған 216 өтініш пысықтауға жолданды. 120 өтініш бойынша құжаттардың толық топтамасы ұсынылмады. 96 өтініш жеңілдетілген механизм шеңберінде өтем сомасымен келіспеуіне байланысты сот сараптамасына жолданды", – деді Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин.
Бейберекетсіздік кезінде зардап шеккендердің 85 пайызы сауда мен қызмет көрсету секторы. Өтінішдердің көпшілігі азық-түліктік емес тауарларды сатумен айналысатындардан түскен. Яғни жаппай тәртіпсіздік кезінде әсіресе киім-кешек пен аяқ киім көптеп ұрланған. Тұрмыстық техника дүкендері де айтарлықтай шығынға ұшыраған. Ең әуелі өңірлік комиссия осы кәсіпкерлердің шығындарының орнын толтырудан бастаған. Ал зергерлік дүкендер мен ақша айырбастау пункттеріне әлі де сараптама жүргізіліп жатыр. Осылайша кәсібі шығынға батқан кәсіпкерлерді қолдау мақсатында құрылған «Күшіміз бірлікте» қорының жұмысы жалғасуда.
"Қаңтар оғиғасынан кейін «Күшіміз бірлікте» қоры құрылды. Қорға 509 миллион теңге жиналды. Оған кәсіпкерлер мен еліміздің барлық аймақтарынан жеке тұлғалар қаржылай көмек көрсетті. Оның 300 млн-ы кәсіпкерлердің бизнесін қайта қалыпқа келтіруге берілді. Ең алдымен көмек өңірлік комиссияның шешімімен шағын бизнесі бар кәсіпкерлерге жасалды", – деді Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ