Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы былтыр төрт млрд теңгеден асты
Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Түркия вице-президенті Фуат Октайдың төрағалығымен Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Түркия үкіметаралық комиссиясының XII отырысы өтті. Бұл туралы Taunews.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Отырыс барысында тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың ауқымды мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, транзиттік-көлік, өнеркәсіп, туризм, геология, денсаулық сақтау және агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды. Сондай-ақ екі ел арасындағы әуе жолдарының географиясын кеңейту және тұрақты рейстер санын арттыру қажеттілігіне назар аударылды.
Түркия — Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 33%-ға өсіп, $4,1 млрд асты.
Екі ел әріптестігінің стратегиялық сипатына тоқталған ҚР Премьер-Министрі 2021 жылы Қазақстаннан Түркияға экспорт 39%-ға өсіп, шамамен $3 млрд жеткенін, 2021 жылы Түркиядан Қазақстанға импорт 20,5%-ға артып, $1,1 млрд құрағанын атап өтті.
Бүгінгі таңда түрік бизнесі Қазақстанда жалпы құны $5,5 млрд құрайтын инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатыр.
Өз кезегінде Түркия вице-президенті Ф. Октай Түркия Республикасы Қазақстанмен барлық бағыттар бойынша екіжақты ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға дайын екенін, мұның өзара тиімді әріптестікті дамытуға ықпал ететінін атап өтті.
Отырыс аясында экономикалық ынтымақтастық бойынша жан-жақты келіссөздер жүргізілді. Қазақстан тарапынан индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі, сауда және интеграция, ұлттық экономика, денсаулық сақтау вице-министрлері және басқалары қатысты. Түрік тарапынан индустрия және технология, сауда, көлік және инфрақұрылым, денсаулық сақтау вице-министрлері қатысты.
Соңында ҮАК отырысының қорытынды хаттамасына қол қойылып, бірлескен жоспар қабылданды. Ресми делегация мүшелері өзара сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылау үшін екіжақты кездесулер өткізді.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ