Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 сарбаздың қаза табуына қатысты тергеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді.
Қазіргі уақытта қылмыстық істі Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары жүргізіп жатыр. Қайғылы оқиғаның себептері мен барлық мән-жайын анықтау үшін ауқымды тергеу шаралары қолға алынған. Осы уақытқа дейін 300-ден астам адамнан жауап алынып, 30-дан аса сот сараптамасы мен зерттеу тағайындалған.
Тергеу аясында қызметтік міндеттеріне салғырт қарады және кеме жүргізу қағидаларын бұзды деген күдікпен сегіз лауазымды тұлға қамауға алынған. Олардың қатарында Қарулы күштердің Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, оның бірінші орынбасары мен жауынгерлік даярлыққа жауапты орынбасары, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскері батальоны мен ротасының командирлері, сондай-ақ катер капитаны бар.
Бас прокуратураның хабарлауынша, алдағы күндері тергеу аяқталып, күдіктілерге іс материалдары таныстыруға беріледі.
Қылмыстық істің барысы Бас прокуратураның ерекше бақылауында.
USD