Ақтауда мектеп директорының әйелі тазалықшының шелегін тепкені үшін 86,5 мың теңге айыппұл арқалады
Ақтау қаласындағы жекеменшік мектептердің бірінде болған жанжал сотқа дейін жетті. Мектеп директорының әйелі тазалықшының су толы шелегін теуіп, оған дөрекілік танытқан. Сот шешімімен әйелге 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Оқиға биыл қазан айының ортасында Ақтаудың 31Б шағын ауданындағы Tulpar School жекеменшік мектебінде болған. Сот материалдарына сәйкес, әйел тазалықшының шелегін әдейі теуіп жіберіп, оны қорлаған. Алайда ол сотта ашуға беріліп осындай әрекетке барғанын мойындағанымен, ешкімді балағаттамағанын айтқан.
Соған қарамастан, құқық бұзушылық полиция толтырған хаттама, жәбірленушінің арызы және оқиға түсірілген бейнежазба арқылы дәлелденген.
Әйелдің әрекеті Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі бойынша қаралды. Бұл бапта 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу, 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазалары қарастырылған.
Сот істі қарау кезінде айыпталушының кінәсін мойындағанын және кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескерді. Нәтижесінде оған 20 АЕК, яғни 86 500 теңге көлемінде айыппұл салу туралы шешім шығарылды.
Айта кетейік, сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
USD