70 жасында АҚШ-қа көшкен өскемендік ерлі-зайыпты жаңа өмірі туралы айтып берді
Өмірінің жетпісінші белесінде туған жерін тастап, шетелге қоныс аудару оңай шешім емес. Алайда Өскемен қаласының тұрғындары Гүлзия апа мен жолдасы Ерғали осындай қадамға барып, АҚШ-та жаңа өмір бастады. Ерлі-зайыпты Америкадағы тұрмыс-тіршілігі мен көшу кезінде кездескен қиындықтары туралы әлеуметтік желіде бөлісті.
Гүлзия апаның айтуынша, олар Шығыс Қазақстанда туып-өскен. Өмір бойы мал дәрігері болып еңбек етіп, балаларын тәрбиелеп өсірген. Ал ұлдары Нью-Йоркте тұрады. Баласымен қайта қауышу үшін үш жылға жуық уақыт күткен ерлі-зайыпты 2025 жылдың қыркүйегінде мұхит асып, АҚШ-қа аттанған.
Әжейдің сөзінше, бөтен елдегі алғашқы күндер олар үшін оңай болмаған. Тілдік кедергі, жаңа орта мен бейтаныс адамдарға үйренісу біраз уақытты талап еткен. Тіпті алғашқы кезде туған үйіне қайтып кетуді де ойлаған.
Алайда кейін олар бұл өзгерісті өмірдің жаңа мүмкіндігі ретінде қабылдауға тырысқан. Гүлзия апа жетпіс жаста да жаңа адамдармен танысып, бұрын көрмеген жерлерді аралап, тың дүниелерді үйренуге болатынын түсінгенін айтады.
Қазір ерлі-зайыпты жаңа ортаға бейімделіп, түрлі кездесулерге қатысып, саяхаттауды қолға алған. Гүлзия апаның пікірінше, адамның жасы жаңа бастамаларға кедергі болмауы керек. Ең бастысы – өмірге деген қызығушылықты жоғалтпау және әр күннен қуаныш таба білу.
USD