ҰҚК «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларын сыбайлас жемқорлыққа күдікпен ұстады
Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталғанын растады. Оларға сыбайлас жемқорлық жасады деген күдік келтіріліп отыр.
ҰҚК баспасөз қызметінің хабарлауынша, екі компанияның басшысы 2026 жылғы 11 қарашада Комитеттің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі жүргізген шара барысында ұсталған. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Астанадағы тұрғын үйлердің маңына шашылып қалған АҚШ долларлары бейнеленген видео тараған болатын. Алдын ала тараған ақпаратта ҰҚК қызметкерлері кеңсеге кірген сәтте Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиев ақшаны терезеден лақтырғаны айтылды. Алайда бұл ақпараттың мән-жайы ресми түрде нақтыланбаған.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеу мүддесіне байланысты істің басқа деректерін жариялаудан бас тартты.
Нұрлан Жақыпов кім?
Нұрлан Жақыпов 1978 жылғы 31 наурызда дүниеге келген. Ол Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын (МГИМО) «Әлемдік экономика» мамандығы бойынша тәмамдап, кейін осы оқу орнында экономика ғылымдарының магистрі дәрежесін алған.
Еңбек жолында «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Сондай-ақ «Тау-Кен Самұрық», «Қазпошта» және Қазақстанның Даму банкінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеген. 2023 жылғы 3 сәуірде «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы болып тағайындалды.
Елжас Отыншиев туралы
Елжас Отыншиев 1986 жылы туған. Бұған дейін «Бәйтерек» холдингі мен «Самұрық-Қазына» қорында қызмет атқарған. 2026 жылдың шілде айында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшылығына келген.
USD