Қаскелеңде жартылай жалаңаш ер адам мектептің терезесін сындырып, сыныпқа кіріп кеткен
Алматы облысының Қаскелең қаласында орналасқан Н. Әлімқұлов атындағы орта мектепте төтенше жағдай болды. Жартылай жалаңаш күйдегі ер адам оқу орнының терезесін сындырып, сынып бөлмесіне кіріп кеткен. Оқиға кезінде оқушылар мен мұғалімдер арасында зардап шеккендер жоқ.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Кадрлардан ер адамның мектеп аумағында жүгіріп жүргенін, кейін терезеге қарай басымен секіріп, әйнекті сындырып, ішке енгенін көруге болады.
Осы жағдайға байланысты полицияға сауал жолданған. Алматы облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның себептері мен өзге де мән-жайларын анықтап жатыр. Сондай-ақ тергеу аясында ұсталған азаматтың психикалық денсаулығына қатысты сараптама жүргізілмек. Полиция мәліметінше, оқушылар мен педагогтерден зардап шеккендер жоқ.
Мектеп әкімшілігінің хабарлауынша, оқыс жағдай 2026 жылғы 11 қарашада сабақ арасындағы үзіліс кезінде болған. Белгісіз ер адам кабинет терезесінің әйнегін сындырып, сыныпқа кірген. Мектеп қызметкерлері бірден әрекет етіп, 102 және 103 нөмірлеріне хабарласып, дабыл жүйесін іске қосқан. Ер мұғалімдер күдіктіні кабинет ішінде ұстап тұрған.
Ал Қаскелең қаласының білім бөлімі мектеп басшылығы оқушылар мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдағанын мәлімдеді. Оқиғадан кейін балаларға психологиялық көмек көрсетілген. Мамандар оқушылармен жұмысын алдағы уақытта да жалғастырады.
USD