Креативті экономикаға 2,7 трлн теңге: Қазақстанда кино, IT және дизайн салалары дамып келеді
Қазақстанда креативті индустрия экономиканың табыс әкелетін маңызды бағыттарының біріне айналып келеді. Қазіргі уақытта бұл секторда 228 мыңнан астам адам жұмыс істейді, ал 2025 жылы оның ел экономикасына қосқан үлесі 2,7 триллион теңгеге жеткен. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли «Әділет» партиясында өткен Креативті экономика туралы заң жобасын талқылауға арналған жұмыс тобының отырысында мәлімдеді.
Вице-министрдің дерегінше, бүгінде Қазақстанда шығармашылық экономика саласында 67,5 мыңнан астам субъект тіркелген. Олардың қызметі кино, ақпараттық технологиялар, жарнама, сәулет, дизайн және басқа да бағыттарды қамтиды.
2025 жылы осы салаларда өндірілген қосылған құн көлемі 2,7 триллион теңгені құраған. Оның 66 пайыздан астамы Алматы мен Астана қалаларына тиесілі. Ал креативті индустрия өкілдерінің бюджетке аударған салықтары 207 миллиард теңгеге жеткен.
Рустам Әлидің айтуынша, бұл көрсеткіштер шығармашылық саланың тек мәдени маңызға ие емес, сонымен қатар ел экономикасына елеулі үлес қосып отырғанын көрсетеді.
Креативті экономиканың ең ірі бағыты – IT және ойын индустриясы. Оның жалпы қосылған құндағы үлесі 41 пайызды құрайды. Ал дәстүрлі шығармашылық бағыттардың ішінде сәулет, сән және дизайн салалары ерекшеленеді. Олардың үлесі шамамен 20 пайызға жеткен.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің өңірлерінде 20-дан астам креативті кеңістік пен арнайы хаб ашылған. Бұл орталықтар шығармашылық мамандарға бас қосып, жаңа жобаларды іске асыруға және өз өнімдерін нарыққа шығаруға мүмкіндік береді.
Қазақстанда кино өндірісіне 21 млрд теңгеден астам инвестиция салынған
Креативті индустрияның қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі – кино саласы. Вице-министрдің мәліметінше, өткен жылы елімізде 107 отандық фильм жарық көрген. Бір туындыны өндіруге орта есеппен 200 миллион теңге жұмсалатынын ескерсек, кино өндірісіне салынған жалпы инвестиция көлемі 21 миллиард теңгеден асады.
Ал Қазақстанның кино нарығы жылына шамамен 45-50 миллиард теңгеге бағаланып отыр.
Отандық кинематографияның дамуы шетелдік инвесторлар мен халықаралық түсірілім топтарының да қызығушылығын арттырған. Соның бір мысалы – Джеки Чан қатысқан «Доспехи Бога 4» фильмі. Аталған жобаға шамамен 5 миллион доллар жеке инвестиция тартылған.
Жиын барысында Dala Edge Creative Tech Park басшысы Мақсат Қиқымов фильмді түсіру үшін қаржының бір бөлігі несие арқылы тартылғанын айтты.
Оның сөзінше, түсірілімге қажетті қаражат жинау барысында серіктестер мен инвесторлар іздестірілген. Соның нәтижесінде қаржының жартысына жуығы юаньмен 6,5 пайыздық мөлшерлемемен алынған несие есебінен қамтамасыз етілген. Жоба авторлары фильм прокатқа шыққаннан кейін қарызды қайтаруды жоспарлап отыр.
Қазақстандағы бейне ойындар нарығы 160 млрд теңгеге жетуі мүмкін
Кино индустриясымен қатар бейне ойындар нарығы да үлкен экономикалық әлеуетке ие. Болжам бойынша, 2027 жылға қарай Қазақстандағы ойын өнімдерін тұтыну нарығының көлемі 160 миллиард теңгеге дейін өсуі мүмкін.
Бұл бағыттың дамуы ойын әзірлеушілеріне, бағдарламашыларға, графикалық дизайнерлерге және басқа да IT мамандарына жаңа мүмкіндіктер ашпақ.
Сонымен бірге жарнама индустриясы да креативті экономиканың маңызды құрамдас бөлігі болып отыр. Бұл салада шығармашылық идеялар коммерциялық өнімге айналып, жаңа жұмыс орындары құрылып, мемлекеттік бюджетке салық түсімдері түседі.
Мамандардың пікірінше, Қазақстанда креативті индустрияны одан әрі дамыту үшін өңірлердегі кәсіпкерлерді қолдау, отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және шетелдік инвестиция тарту маңызды. Қазіргі уақытта шығармашылық саланың басым бөлігі Алматы мен Астанада шоғырланғандықтан, оның мүмкіндіктерін басқа өңірлерге де кеңейту өзекті міндеттердің бірі болып қала береді.
USD