Қазақстанда 200-ден астам азамат жәрдемақы алудан өз еркімен бас тартты
Қазақстанда әлеуметтік көмекке мұқтаж емес 200-ден астам азамат мемлекеттік жәрдемақыдан бас тартқан. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Премьер-министр Олжас Бектенов еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласын цифрлық трансформациялау мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Жиында әлеуметтік төлемдерді алу жүйесін жетілдіру және мемлекеттік көмектің нақты мұқтаж азаматтарға бағытталуын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Үкімет мәліметінше, SMS-хабарлама алған 200-ден астам адам әлеуметтік көмекке мұқтаж еместігін айтып, жәрдемақыдан бас тартуға ниет білдірген.
Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі eGov Mobile қосымшасында жәрдемақыдан ерікті түрде бас тартуға мүмкіндік беретін жаңа сервистің жобасын таныстырды. Оның көмегімен тұрмыстық жағдайы жоғары азаматтар мемлекеттік органдарға бармай-ақ, төлемдерді онлайн режимде тоқтата алады.
Кеңес барысында Олжас Бектенов азаматтардың әл-ауқатын бағалауға арналған калькуляторды қолданушылар үшін барынша ыңғайлы етуді тапсырды.
USD