Құрылтай отырысында «Әділет» партиясының депутаты Шолпан Каринова әлеуметтік желілерде тарайтын тарихи ақпараттың сапасына қатысты мәселе көтерді. Депутаттың айтуынша, бүгінде жастардың басым бөлігі ақпаратты TikTok, Instagram және YouTube платформаларынан алады. Осыған байланысты Қазақстан тарихына қатысты жарияланымдардың дереккөзін және мазмұнын қадағалау маңызды.
Шолпан Каринова әлеуметтік желілерде тараған тарихи деректер бұрмаланған жағдайда оған кәсіби әрі жедел түрде жауап беретін жүйелі механизм қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
Бұл ұсынысты журналист әрі тарихи деректі фильмдердің авторы Майя Бекбаева да қолдайды. Ол Azattyq Rýhy тілшісіне берген пікірінде тарихи жадыға қатысты ақпараттың сенімді болуы маңызды екенін айтты.
«Президенттің тарихи деректерді бұрмалауға қатысты айтқан пікірі өте өзекті. Жалған ақпарат тараған жағдайда оған жедел жауап беріп, қандай деректің бұрмаланғанын нақты түсіндіру қажет. Мұндай жағдайда сенімді тарихи дереккөздерге сүйену маңызды», — деді журналист.
Оның пікірінше, тарихи контенттің ғылыми негізділігін қамтамасыз етудің нақты жолдарын осы саланың мамандары анықтауы керек. Ал ұлттық тарих пен тарихи құндылықтарды заманауи форматта танытатын медиажобаларды қолдау бастамасын ол құптайтынын жеткізді.
Майя Бекбаева қазіргі таңда тарихи тақырыптағы видеоларды әлеуметтік желілерге бейімдеп ұсыну оңай емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, көрерменнің назарын аудару үшін автор тек ақпаратты біліп қана қоймай, оны қызықты әрі түсінікті түрде жеткізе алуы қажет.
«YouTube, Instagram және TikTok үшін тарихи контент әзірлеу үлкен дайындықты талап етеді. Фактіні айтып шығу жеткіліксіз, оны көрерменге тартымды етіп ұсыну қажет. Ол үшін тарихты жақсы білетін, камера алдында өзін еркін ұстайтын және аудиториямен жұмыс істей алатын авторлар керек», — деді ол.
Журналистің сөзінше, ойын-сауыққа негізделген контенттің әлеуметтік желілерде тез таралуы тарихи жобаларға бәсекелестік туғызады. Тарихи материал әзірлеу барысында архивтерді қарау, деректерді салыстыру, ғалымдармен кеңесу және әрбір ақпаратты тексеру қажет.
«Тарихи тақырыптағы сапалы жоба көп уақыт пен еңбекті қажет етеді. Бірақ мұндай жұмыс әрдайым жоғары қаралым немесе коммерциялық табыс әкеле бермейді. Сондықтан мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілсе, бұл салаға жаңа авторлар мен шығармашылық топтардың келуіне мүмкіндік артар еді», — деп түсіндірді Майя Бекбаева.
Журналист өз командасының тарихи жобалармен бірнеше жылдан бері айналысып келе жатқанын айтты. Олар материал дайындау кезінде тарихшылармен, археологтармен, зерттеушілермен, ғылым докторлары және профессорлармен бірлесіп жұмыс істейді.
Қазір команда Шоқан Уәлиханов туралы жаңа жоба әзірлеп жатыр. Бұған дейін Жошы ханға арналған ауқымды тарихи жоба жүзеге асырылған. Сонымен қатар YouTube арнасына тарихшылар, саясаттанушылар және басқа да сарапшылар шақырылып тұрады.
Бекбаеваның айтуынша, мұндай жобалардың басты мақсаты — Қазақстан тарихын көпшілікке түсінікті әрі қызықты түрде жеткізу және сонымен бірге ғылыми дәлдікті сақтау.
Ол тарихи зерттеулер жүргізуге қажетті деректердің бір бөлігі ұзақ уақыт бойы жабық болғанын және архив материалдарына қол жеткізу мәселесі әлі де өзекті екенін атап өтті.
«Қолдау тек ғылыми зерттеулерге емес, сол зерттеулердің нәтижесін заманауи әрі тартымды медиажобаларға айналдыруға да қажет. Соңғы уақытта мемлекет тарапынан тарихи бағытқа қызығушылық артып келе жатқанын көріп отырмыз. Бізге осындай қолдау маңызды», — деді журналист.
USD