Жетісу облысында мас күйінде көлік жүргізген 25 жастағы ер адам жол апатына себеп болып, оқиға орнынан кетіп қалған. Полицейлер оны Қонаев бағытына қарай қозғалып бара жатқан жерінен тоқтатты.
Жол-көлік оқиғасы туралы ақпарат полицияға түнгі сағат 3 шамасында түскен. Куәгерлер екі көліктің соқтығысқанын және жүргізушілердің бірінің апат орнынан қашып кеткенін хабарлаған.
Патрульдік полиция қызметкерлері іздеу барысында Nissan Cefiro көлігін байқап, оны тоқтатқан. Рөлде Ескелді ауданының 25 жастағы тұрғыны отырған.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам көлік жүргізер алдында алкоголь ішкен. Жолда ол қауіпсіз арақашықтықты сақтамай, басқа Nissan Cefiro көлігімен соқтығысқан.
Медициналық сараптама жүргізушінің мас болғанын растады. Сонымен қатар полицейлер оның бұған дейін жеті жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылғанын анықтады.
Осыған қарамастан, ер адам қайтадан рөлге отырып, көлікті мас күйінде басқарған. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
