Түркістан облысының Арыс қаласында үш адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасына қатысты сот үкімі шықты. Мас күйінде көлік тізгіндеген 52 жастағы мұғалім 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қайғылы жағдай 6 маусымда болған. Сол күні әйел адам көлігімен тұрғын үйдің аумағына кіріп кетіп, үйдің қоршауы мен қабырғасын соққан. Оқиға кезінде екі әйел балаларымен бірге үйдің алдында отырған.
Көліктің қатты соққысы салдарынан бетон қабырға қирап, бірнеше адам ауыр жарақат алған. Апаттан жүкті әйел, оның кішкентай баласы және көрші үйдің бес жастағы қызы көз жұмды.
Сот отырысында қаза болған бес жасар қыздың анасы жүргізушіге барынша қатаң жаза тағайындауды сұраған.
Істі қараған мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сот әйелді ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды.
«Сотталушы 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол өмір бойы көлік құралын басқару құқығынан айырылды», – деді сот судьясы Марат Күздеубаев.
Сот барысында сотталған әйелдің кәмелетке толмаған, мүмкіндігі шектеулі қызы бары да ескерілген. Осыған байланысты ол тағайындалған жазаны өтеуді бір жылдан кейін бастайды.
Осылайша, сот мас күйінде көлік жүргізіп, үш адамның өліміне әкеп соққан жол апатына қатысты істің нүктесін қойды.
USD