Астанада жаңбыр суына шомылған ер адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Астанада жаңбырдан жиналған суға түскен екі ер адамға қатысты полиция әкімшілік іс қозғады.
Әлеуметтік желіде тараған видеодан екі азаматтың ауладағы шалшық суда жатқанын, ал үшінші адамның оларды сырттан бақылап тұрғанын көруге болады. Бейнежазба авторлары оған «Несиесіз, ипотекасыз және жалдамалы пәтерсіз өмір» деген әзіл-сықақ сипатындағы жазу қосқан.
Аталған видео полиция қызметкерлерінің назарын аударған. Сарыарқа аудандық Полиция басқармасының мәліметінше, жүргізілген тексеру барысында оқиғаның нақты мән-жайы анықталған.
Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, екі ер адамның тұрғын үй ауласында мас күйде болғаны және жаңбыр суын аумақта ойнап жүрген балаларға шашқаны анықталған.
«Аталған факті бойынша тексеру жүргізілді. Нәтижесінде азаматтардың әрекетіне құқықтық баға беріліп, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Іс сотта қаралғанға дейін ер адамдар уақытша ұстау бөлмесіне қамалды. Материалдар Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотына жолданды», – деп мәлімдеді полиция.
Енді азаматтарға қатысты қандай шара қолданылатынын сот шешеді.
USD