Астанада маркетплейстің тауар беру пунктінде жұмыс істеген 19 жастағы жігіт ірі көлемде ұрлық жасағаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жалпы құны 14,9 млн теңге болатын тапсырыстарды иемденген. Бұл туралы прокуратура хабарлады.
Тергеу материалдарына сәйкес, жас қызметкер маркетплейс арқылы алтын әшекейлерге, киім-кешекке, азық-түлікке және басқа да тауарларға тапсырыс берген. Тапсырыстар пунктке жеткізілгеннен кейін ол тауарларды жасырын түрде алып отырған. Ал ұрланған заттардың орнына басқа бұйымдарды салып немесе оларды алмастырып, сатушыларға қайтарған.
Осылайша, ол тауарларды иемдену әрекеттерін бірнеше рет жасаған.
Мәселен, жігіт құны 182 мың теңге болатын алтын сырғаларға тапсырыс беріп, оларды басқа әшекейлермен ауыстырған. Кейін ауыстырылған бұйымдарды сатушыға қайтарып жіберген.
Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы күдіктінің кінәсін дәлелдеді. Істі қарау қорытындысы бойынша сот оған бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар сотталған азамат жәбірленушіге келтірілген материалдық шығынды өтеуге міндеттелді.
Прокуратураның мәліметінше, сот үкімі заңды күшіне енген.
USD