Ресейдің Екатеринбург қаласынан Вьетнамның Нячанг қаласына бағыт алған ұшақта жолаушы көз жұмды. Қайғылы жағдай «Аэрофлот» әуе компаниясының SU-836 рейсінде болған. Оқиғадан кейін ұшақ Қытайдағы әуежайлардың біріне шұғыл қонуға мәжбүр болған.
Жолаушылардың айтуынша, ұшақ көкке көтерілгеннен кейін шамамен үш сағат өткенде экипаж Қытайға шұғыл қонатынын хабарлаған. Бұған борттағы ер адамның жағдайы күрт нашарлауы себеп болған.
Ұшақтағы жолаушылардың бірі оқиғаның ауыр өткенін айтып, әлеуметтік желіде өз көргенімен бөліскен. Оның сөзінше, ер адамға медициналық көмек көрсетуге тырысқанымен, оны аман алып қалу мүмкін болмаған.
Куәгердің айтуынша, марқұм демалысқа жалғыз өзі бара жатқан. Ол ер адамның аузынан көбік шыққанын да айтқан.
Сондай-ақ жолаушының сөзінде бұрын реабилитолог болып жұмыс істеген адамның науқасқа көмек көрсету кезінде екінші рет адреналин еккені және осы әрекетке байланысты оған кінә тағылып жатқаны айтылған. Алайда бұл мәліметтің ресми түрде расталғаны туралы ақпарат жоқ.
Жолаушының айтуынша, ер адамның денесі арнайы қара қапқа салынып, ұшақ Қытайға қонғаннан кейін борттан шығарылған.
Оқиғаның нақты себептері, марқұмның неден қайтыс болғаны және медициналық көмек көрсету кезінде қандай әрекеттер жасалғаны әзірге белгісіз. Қосымша ресми ақпарат жарияланған жағдайда оқиғаның мән-жайы нақтылануы мүмкін.
USD