Алматыдағы Сайын көшесінде күтпеген жағдай жол апатына себеп болды. Электровелосипедпен келе жатқан жүргізуші жол үстінде түсіп қалған бас киімін алу үшін кенеттен тоқтаған.
Оның артынан қозғалып келе жатқан көліктер де жылдамдықтарын төмендетіп, тоқтауға мәжбүр болған. Алайда су тасымалдайтын көлік жүргізушісі алдыңғы көліктермен соқтығысып қалмау үшін бағытын өзгертіп, металл қоршауға барып соғылған.
Оқиға кеше сағат 12:30 шамасында болған. Жолдағы жағдай Сайын көшесіне орнатылған бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Кадрлардан электровелосипед жүргізушісінің бас киімін түсіріп алғаны және оны көтеру мақсатында жол үстінде тоқтағаны көрінеді.
Алдын ала мәлімет бойынша, жол-көлік оқиғасынан ешкім зардап шекпеген. Қазір мамандар оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Мамандардың айтуынша, жолдағы жағдай бірнеше секунд ішінде өзгеруі мүмкін. Сондықтан жүргізушілер қауіпсіз арақашықтықты сақтап, алдыңғы көліктің күтпеген жерден тоқтауы немесе маневр жасауы мүмкін екенін ескергені жөн.
USD