Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Ұлттық Ассамблеясының спикері Чо Чжон Шик Сеулдегі Ханган саябағында орналасқан қазақ этноауылына барды.
Сапар барысында жоғары мәртебелі қонақтарға қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрі таныстырылды. Этноауылда ұлттық тарихқа қатысты жәдігерлер, сәндік-қолданбалы өнер туындылары, дәстүрлі бұйымдар мен заманауи мәдени жобалар ұсынылған.
Мемлекет басшысы мен Корея парламентінің спикері этноауылдағы киіз үйді аралап, қазақ халқының тарихи мұрасын бейнелейтін «Жеті қазына» атты голографиялық инсталляцияны тамашалады.
Көрме қатарында қазақстандық шеберлер дайындаған зергерлік бұйымдар, ұлттық киім үлгілері және киізден жасалған дәстүрлі заттар қойылған.
Қонақтарға қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарының сүйемелдеуімен арнайы концерттік бағдарлама да ұсынылды. Музыкалық композициялар домбыра, дауылпаз және жетіген сияқты дәстүрлі аспаптарда орындалды.
Қазақ этноауылы Сеулдегі мәдени шаралардың бірі ретінде Қазақстанның ұлттық құндылықтары мен өнерін корей жұртшылығына таныстыруға мүмкіндік берді.
USD