Астанада төбелес кезінде адамды бір рет ұрудың өзі қылмыстық жауапкершілікке негіз болуы мүмкін. Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Есіл» ауданының прокуроры Қарлығаш Ерғалиева мәлімдеді.
Брифинг барысында прокурор адамға жеңіл дене жарақатын келтіру, ұрып-соғу және балаларға қатысты ата-аналардың жауапкершілігіне қатысты заң талаптарын түсіндірді.
Қарлығаш Ерғалиеваның айтуынша, адамның бірнеше рет соққы жасауы міндетті шарт емес. Қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесінде соққы саны емес, оның салдары мен келтірілген зиян ескеріледі.
Прокурор бұл жағдайды қарапайым мысал арқылы түсіндірді. Егер төбелес кезінде адам қарсыласының бетінен бір рет ұрып, соның салдарынан денесінде қызару немесе ауырсыну пайда болса, мұндай әрекет заң тұрғысынан жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Оның сөзінше, «бір-ақ рет ұрдым» деген уәж адамның жауапкершіліктен автоматты түрде босатылатынын білдірмейді.
Брифингте Қылмыстық кодекстің 108-1 және 109-1 баптарына қатысты нормалар да түсіндірілді. Прокуратура өкілі азаматтарды жанжал кезінде күш қолданудан бас тартып, дауды бейбіт жолмен шешуге шақырды.
USD