«Болашақ» халықаралық стипендиясы мен «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы бойынша биылғы жеңімпаздар белгілі болды. Жаңа тізімге магистратура, докторантура және бакалавриатта білім алатын қазақстандықтар енді.
Бұл жолы 179 магистрант, 12 докторант және бір бакалавриат студенті «Болашақ» стипендиясына ие болды. Бұдан бөлек, 40 қазақстандыққа шетелдік ұйымдарда кәсіби тағылымдамадан өтуге мүмкіндік берілді.
Иегерлердің толық тізімі Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Telegram-арнасында жарияланған.
Министрдің айтуынша, «Болашақ» бағдарламасының негізгі мақсаты – Қазақстанға стратегиялық тұрғыдан қажет салаларда білікті мамандар даярлау. Оның сөзінше, бағдарлама шетелде диплом алумен ғана шектелмеуі керек. Стипендия иегерлері елге жаңа білім, заманауи технологиялар және халықаралық тәжірибе алып келіп, оны Қазақстанның дамуына қолдануы маңызды.
«Болашақ» түлектеріне әсіресе атом энергетикасы, медицина, инженерия, жасанды интеллект, жаңа материалдар, энергетика және биотехнология бағыттарында басымдық берілмек.
Саясат Нұрбек Қазақстанға шетелдік жоғары оқу орындарының дипломын алған мамандармен қатар, алған білімін ел экономикасы мен технологиялық дамуына нақты пайда әкеле алатын кадрлар қажет екенін атап өтті.
Жаңа стипендия иегерлері алдағы уақытта шетелде білім алып, кәсіби тәжірибе жинақтайды. Министрлік олардың алған білімін елге әкеліп, жаңа өндірістер мен технологиялық жобалардың дамуына үлес қосады деп күтеді.
USD