Белгілі айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов ұзақ уақыт бойы ем қабылдап, өңеш обыры бойынша ремиссия кезеңіне жетті. Ақын дертпен күресін Үндістандағы медициналық клиникада жалғастырған.
Бұл туралы медициналық туризмге арналған парақша хабарлады. Мәліметке сәйкес, ақын Үндістандағы Yashoda клиникасында ем алып, тексерулерден өткен. Ұзаққа созылған ем нәтижесінде оның денсаулығында оң динамика байқалып, көптен күткен жақсы жаңалық белгілі болған.
«Айлар бойы күрескен ақын емнің ауыр кезеңдерінен өтті. Әрбір тексеріс алаңдаушылық пен үмітке толы болса, әр ем шарасы сауығуға жасалған қадам болды. Бүгінде сол еңбектің нәтижесінде сүйінші хабарды елмен бөлісіп отырмыз», – делінген хабарламада.
Айтақын Бұлғақовтың ауыр дертке шалдыққаны туралы ақпарат биыл тараған болатын. Сол кезде дәрігерлер ақынның медициналық көмекке уақытылы жүгінгенін айтып, емнің нәтижелі болуына мүмкіндік жоғары екенін атап өткен.
Айта кетейік, биыл Айтақын Бұлғақов 66 жасқа толды. Ол айтыс сахнасына 1986 жылы келген. Осы уақыт аралығында ақын республикалық және халықаралық деңгейдегі 200-ге жуық айтысқа қатысып, қазақ айтыс өнерінің белгілі өкілдерінің біріне айналды.
USD