Қапшағай су қоймасында демалушылар отырған үрлемелі диванға гидроцикл соғылып, салдарынан 36 жастағы әйел мен 14 жастағы қыз ауыр жарақат алған. Екеуі де оқиғадан кейін бір айдан астам уақыт өтсе де өздігінен жүріп-тұра алмай отыр.
Оқиға шілде айының соңында болған. Екі отбасы қайыққа арқан арқылы тіркелген үрлемелі диванмен су қоймасында серуендеген. Зардап шеккендердің айтуынша, бір уақытта қайық су ортасында тоқтап қалған. Демалушылар жүргізушіден оларды жағаға жеткізуді сұраған.
Алайда қайық қайта қозғалған кезде үрлемелі диван бағытын өзгертіп, солға қарай бұрылған. Сол сәтте оған гидроцикл келіп соғылған.
Оқиға салдарынан 36 жастағы Назира Оспанбек бірнеше жерінен ауыр жарақат алған. Оның бірнеше қабырғасы мен қолы сынған, жамбасынан жарақат алып, ішкі ағзалары зақымданған. Сондай-ақ миы шайқалған. Әйелге үш рет операция жасалғанымен, қазірге дейін өздігінен отыра да, жүре де алмайды.
Зардап шеккен әйел оқиғадан кейінгі жағдайдың өзіне физикалық тұрғыдан да, моральдық жағынан да ауыр тигенін айтты. Оның сөзінше, күнделікті қарапайым қажеттіліктерін де басқа адамның көмегінсіз орындай алмайды.
Гидроцикл соққысынан 14 жастағы Асылжан Рысқұлова да ауыр жарақат алған. Жасөспірімнің аяғы мен жамбасы сынған, басынан жарақат алған. Оқиғадан кейін ол комаға түсіп, алтыншы күні ғана есін жиған.
Қызға операция жасалып, сынған сүйегіне арнайы пластина орнатылған. Қазір Асылжанның қозғалысы шектеулі. Тоғызыншы сыныпта оқитын жасөспірім білімін қашықтан жалғастырып жатыр.
Қыздың анасы Жанар Рысқұлованың айтуынша, Асылжан әлі де ауырсынуды басатын дәрілер қабылдайды. Оқиғаның жасөспірімнің эмоционалдық жағдайына да кері әсер еткені айтылды.
Оқиғадан кейін зардап шеккендер полицияға шағым түсірген. Алматы облысының Полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.
Ведомство мәліметінше, іс теңіз немесе өзен көлігін жүргізу не пайдалану қауіпсіздігі талаптарын бұзу бабына сәйкес тергеліп жатыр.
Гидроциклді басқарған азамат қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылған. Қазір ол бостандықта жүр.
Ал зардап шеккендер гидроцикл жүргізушісімен қатар, су көлігін жалға берген адам мен қайықты басқарған азаматтың да жауапкершілікке тартылуын талап етіп отыр.
USD