Құрылтайдың жалпы отырысында «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Жарқынбек Амантайұлы әлеуметтік желідегі тікелей эфирлерге қатысты заңнаманы күшейту қажеттігін көтерді. Оның пікірінше, көрілім мен донат үшін әдейі арандатушылық контент тарататын стримерлерге жауапкершілік қатаң болуы керек.
Депутаттың айтуынша, TikTok, Instagram және басқа да әлеуметтік платформалардағы тікелей эфирлердің аудиториясы жыл сайын артып келеді. Алайда бұл мүмкіндікті кейбір қолданушылар теріс мақсатта пайдаланып отыр.
Ол соңғы уақытта эфирлерде балағат сөздер айту, өзге адамдарды кемсіту, ар-намысына тию, сондай-ақ қауіпті пранктер ұйымдастыру сияқты әрекеттер жиілегенін атап өтті.
Жарқынбек Амантайұлының сөзінше, кейбір стримерлер мұндай әрекеттерге әдейі барады. Себебі жанжал мен арандатуға құрылған контент көп қаралым жинап, кейін лайк, донат немесе жарнамадан табыс әкеледі. Осылайша, құқыққа қайшы әрекеттер кей жағдайда ақша табудың тәсіліне айналып отыр.
Депутат бұл мәселенің сайлауалды кездесулер мен өңірлердегі халықпен жүздесулер кезінде де жиі көтерілгенін айтты.
Оның мәліметінше, Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы контентке қатысты бірқатар шара қабылдап, кей қолданушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Депутат мұны мәселенің өзектілігін көрсететін мысал ретінде келтірді.
Жарқынбек Амантайұлы цифрлық кеңістікте де «Заң мен тәртіп» қағидаты сақталуы керек деп есептейді. Сонымен бірге ол ұсынылып отырған шаралар сөз бостандығын шектеуге бағытталмағанын атап өтті.
«Біз сөз бостандығын шектеуді ұсынбаймыз. Керісінше, сөз бостандығы мен жауапкершіліктің нақты шекарасы белгіленуі керек», — деді депутат.
Парламент мүшесі әсіресе балалар мен жасөспірімдердің мұндай контентке оңай қол жеткізе алатынына алаңдады. Оның айтуынша, кейбір стримерлер көрермен көбейту үшін жанжал шығарып, адамдарды әдейі мазақ етеді немесе қорлайды. Тіпті тікелей эфир кезінде әдеп нормаларына сыймайтын әрекеттерге баратындар да бар.
Осыған байланысты депутат Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ішкі істер министрлігіне бірқатар ұсыныс жасады.
Атап айтқанда, «треш-стриминг» ұғымын заңнамада нақты бекітіп, тікелей эфир кезінде зорлық-зомбылықты, қауіпті пранктерді, қорлау мен қасақана арандатушылықты тарату үшін жауапкершілікті күшейту ұсынылды.
Сондай-ақ TikTok, Instagram, YouTube секілді платформалармен бірлесіп, заңға қайшы тікелей эфирлерді жылдам анықтау, бұғаттау және олардың авторларын сәйкестендіру тетігін әзірлеу қажет.
Бұдан бөлек, азаматтарды келісімінсіз тікелей эфирге шығарған жағдайда олардың құқықтарын қорғау шараларын күшейту, ар-намыс пен қадір-қасиетке нұқсан келтірілген кезде жәбірленушілерге құқықтық қорғаныс механизмдерін жетілдіру ұсынылды.
Депутат әлеуметтік желілер мен тікелей эфирлердегі құқыққа қайшы контентті бақылаудың бірыңғай мемлекеттік жүйесін құруды да ұсынды. Мұндай мониторингтің нәтижелері бойынша қоғамға тұрақты түрде ашық ақпарат беріліп отыруы қажет.
USD