Астанада қайырымдылық қаржысын жымқыру ісі бойынша Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Бүгін соттағы жарыссөз кезінде жәбірленушілер мен олардың өкілдері сөз сөйледі.
Жарыссөз барысында «Kaspi Bank» АҚ-ның өкілі Айдар Ксенбаев пікір білдіріп, айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденгенін мәлімдеді.
Құрметті сот және сот процесінің қатысушылары. Қазіргі уақытта Қайрат Перизат пен Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Тергеу мен сот процесі барысында істің барлық мән-жайы анықталды. Айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденді. Бұл – қылмыстық іс материалдары, жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтары және сараптама қорытындылары арқылы расталған, – деді Ксенбаев.
Ол Kaspi Bank су тасқынынан зардап шеккендерге қайырымдылық көмек ретінде айыпталушылар тіркеген ұйымның есепшотына 620 миллион теңге аударғанын еске салды.
«Kaspi Bank» АҚ Қазақстан Республикасы халқын су тасқынына байланысты қолдау мақсатында аталған қоғамдық бірлестік шотына 620 миллион теңгені өтеусіз аударған болатын, – деді банк өкілі.
Ол мемлекеттік айыптауды қолдайтынын айтып, азаматтық талап арыз жолдады:
Жоғарыда айтылғандарға сәйкес, Қайрат Перизат пен Ғайни Алашбаеваны кінәлі деп тануды сұраймын. Оларға қатысты жазалау шарасы бойынша прокурордың ұсынысын қолдаймыз. Сонымен қатар Қайрат Перизат пен Ғайни Алашбаевадан Kaspi Bank пайдасына келтірілген 620 миллион теңге көлеміндегі материалдық шығынды өндіріп беруді сұраймын, – деді Айдар Ксенбаев.
Сондай-ақ, ол тергеу кезінде тәркіленген мүлікті залалдың орнын өтеу үшін жәбірленуші тарапқа беру туралы өтініш білдірді:
Қойылған талапты қамтамасыз ету және материалдық шығынның орнын өтеу мақсатында тергеу барысында тәркіленген жылжымалы және жылжымайтын мүлікті жәбірленушілер пайдасына беруіңізді сұраймын, – деді Kaspi Bank өкілі.
USD