Қазақ антропология ғылымының негізін қалаған Оразақ Смағұлов өмірден өтті
Алматыда қазақ ғылымының көрнекті өкілі, еліміздегі антропология мектебінің негізін қалаушылардың бірі Оразақ Смағұлов дүниеден озды. Ғалымның қайтыс болғаны туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Оразақ Смағұлов – тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі және Ұлттық музейдің бас ғылыми қызметкері болған. Ол саналы ғұмырын қазақ халқының шығу тегі, антропологиялық ерекшеліктері, этногенезі мен тарихи қалыптасу жолын зерттеуге арнады.
Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, ғалымның ғылыми мұрасы мен іргелі еңбектері ұлттық тарихты тереңірек түсінуге зор үлес қосты. Сонымен қатар ол отандық ғылымның дамуына ықпал етіп, кейінгі буын зерттеушілерге бағыт-бағдар берген ұстаз ретінде есте қалды.
Оразақ Смағұлов 1930 жылы 1 қазанда Қостанай облысының Меңдіқара ауданында дүниеге келген. Ол қазақтан шыққан тұңғыш антрополог саналады. 1984 жылы тарих ғылымдарының докторы дәрежесін алып, профессор атанды. 2003 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланды. Ал 1998 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері атағына ие болды.
Ғалымның еңбек жолы 1956 жылы орта мектепте мұғалім болудан басталған. Бір жылдан кейін Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына қызметке орналасып, Алматы медициналық институтында тағылымдамадан өтті. 1958 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің антропология ғылыми-зерттеу институты мен музейінде жұмыс істеді.
Оразақ Смағұлов ғылыми қызметі барысында 30-дан астам антропологиялық экспедицияны ұйымдастырып, оларға жетекшілік етті. Олардың қатарында Үндістан–Кеңес бірлескен экспедициясы (1974–1975), Қазақ–Моңғол (1991–1992) және Қазақ–Италия (1993–1994, 2002–2004) зерттеу жұмыстары бар.
Сондай-ақ ғалым Қазақстан мен Қырғызстанның биік таулы өңірлеріндегі тұрғындардың табиғи ортаға бейімделуі мен этномәдени ерекшеліктерін зерттеуге арналған халықаралық жобаны басқарды.
Оразақ Смағұловтың ғылыми еңбектері мен ұлттық ғылымға қосқан үлесі қазақ тарихы мен антропология саласында маңызды мұра болып қала бермек.
USD