Қазақстанда 5 мыңнан астам оқырманы бар анонимді аккаунттарды тіркеу ұсынылды
Қазақстанда жазылушыларының саны 5 мыңнан асатын анонимді әлеуметтік желі аккаунттарын міндетті түрде тіркеу мәселесі қарастырылып жатыр. Ал иесі ресми түрде анықталған, жеке басы расталған парақшаларды қайта тіркеу талабынан босату ұсынылды.
Бұл бастаманы Құрылтай отырысында «Әділет» партиясының депутаты Айдос Сарым көтерді. Ол Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевқа заң жобасындағы әлеуметтік желілердегі ашық аккаунттарды есепке алу тәртібіне қатысты сауал жолдады.
Депутаттың пікірінше, 5 мыңнан астам жазылушысы бар барлық парақшаға бірдей талап қою орынды емес. Себебі кейбір аккаунттардың иесі әлеуметтік желі платформасының өзінде расталған немесе олардың мемлекеттік мекемелерге, компанияларға және бұқаралық ақпарат құралдарына тиесілі екені белгілі.
Осыған байланысты Айдос Сарым тіркеу талабын тек иесі белгісіз анонимді аккаунттарға қолдануды ұсынды.
Министр Арман Қырықбаев депутаттың ұсынысын қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, басты назар жазылушылары көп болғанымен, артында кім тұрғаны белгісіз парақшаларға аударылуы керек.
Министр сондай-ақ өткен жылы заңнама аясында 120 мыңнан астам заңға қайшы контент анықталғанын хабарлады. Оның мәліметінше, осы материалдардың 20 пайыздан астамы 5 мыңнан көп жазылушысы бар анонимді аккаунттар арқылы таралған.
Ведомство басшысы мемлекеттік органдар үшін аккаунт иесінің кім екенін анықтау маңызды екенін атап өтті.
Осылайша, заң жобасына депутаттар ұсынған түзету енгізілген жағдайда, әлеуметтік желілердегі жазылушы саны 5 мыңнан асатын барлық парақшаны жаппай тіркеу орнына, иесі анықталмаған анонимді аккаунттарды сәйкестендіру тетігі енгізілуі мүмкін. Алайда бұл ұсыныс әзірге заң жобасын талқылау аясында қарастырылып жатыр.
USD