Қазақстанда балаларға жыныстық сипаттағы хабарлама жібергендерге жауапкершілікті күшейту ұсынылды
Қазақстанда балаларды интернеттегі жыныстық сипаттағы материалдардан қорғау мәселесі көтерілді. «Әділет» партиясының фракция мүшесі, Құрылтай депутаты Әсел Баденова кәмелетке толмағандарға олардың келісімінсіз осындай мазмұндағы суреттер мен хабарламаларды жібергендерге жауапкершілікті күшейтуді ұсынды.
Депутат бұл мәселе бойынша Ішкі істер министрі Ержан Саденовке депутаттық сауал жолдады.
Баденова «Қазақстан балалары – 2026–2030» зерттеуінің нәтижелеріне назар аударды. Зерттеу деректеріне сәйкес, елдегі балалардың 7,4 пайызы айына кемінде бір рет жыныстық сипаттағы контент көреді. Ал 7,1 пайызы осындай мазмұндағы хабарламалар алады.
Депутат цифрлық кеңістіктегі қауіптердің бірі ретінде киберфлешингті атады. Бұл – адамның келісімінсіз оған әлеуметтік желілер немесе басқа да интернет арналары арқылы жыныстық сипаттағы суреттер мен материалдарды жіберу.
Оның айтуынша, қазіргі таңда қылмыс белгілері болмаған жағдайда мұндай әрекеттер үшін қандай жауапкершілік қарастырылғаны және зардап шеккен балаларды қорғау тетіктері қаншалықты тиімді екені өзекті мәселе болып отыр.
Баденова Ішкі істер министрлігінің статистикасын да келтірді. Ресми мәлімет бойынша, жыл сайын балаларға қатысты 800-ден астам қылмыс тіркеледі. Ал 2026 жылдың алғашқы сегіз айында мұндай 624 дерек анықталған.
Сонымен қатар депутат киберфлешинг жағдайлары бойынша жеке статистикалық есеп жүргізілмейтініне назар аударды. Оның пікірінше, бұл цифрлық ортадағы қауіптердің нақты ауқымын бағалауға кедергі келтіреді.
Осыған байланысты Әсел Баденова Ішкі істер министрлігінен аталған құқықтық олқылыққа қатысты түсініктеме беріп, қылмыс белгілері болмаған күннің өзінде адамға оның келісімінсіз жыныстық сипаттағы материалдарды жібергені үшін жауапкершілікті күшейту мүмкіндігін қарастыруды сұрады.
Депутат балаларды қорғау шаралары құқық бұзушылық орын алғаннан кейін ғана емес, оның алдын алу бағытында да жүргізілуі керектігін атап өтті.
USD