Қазақстанда әлеуметтік желіде жала жапқандар мен балағат сөз қолданғандарға жауапкершілік енгізілуі мүмкін
Қазақстанда әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратып, азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіргендерге, сондай-ақ онлайн-платформаларда балағат сөздер қолданғандарға әкімшілік жауапкершілік енгізу ұсынылды. Бұл бастама жаңа заң жобасында қарастырылған.
Тиісті өзгерістер туралы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Құрылтай отырысында мәлімдеді.
Министрдің сөзінше, қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде жалған әрі адамның беделіне нұқсан келтіретін ақпараттың таралуы өзекті мәселеге айналған. Осыған байланысты азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар цифрлық кеңістікте де күшейту көзделіп отыр.
Ұсынылып отырған заң жобасына сәйкес, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін мәліметтерді теріске шығару міндеті қарастырылады. Мұндай жағдайда ақпарат алғаш жарияланған дереккөз оны жоққа шығаруға тиіс. Бұл талап әлеуметтік желілер мен онлайн-платформаларға да қатысты болмақ.
Сонымен қатар құжатта азаматтардың фотосуреттері мен бейнежазбаларын пайдалану тәртібін нақтылау ұсынылған. Ашық дереккөздерде жарияланған фото және бейнематериалдарды адамның келісімінсіз пайдалануға, егер ол бұған алдын ала тыйым салмаған болса, рұқсат етілуі мүмкін.
Бұдан бөлек, адамның жеке және отбасылық өміріне қатысты ақпараттар мен бейнелер оның қызметтік міндеттеріне жатпайтыны заң жүзінде бекітілмек.
Жаңа түзетулер қабылданған жағдайда, азаматтардың жеке құқықтарын қорғау және интернет кеңістігіндегі жауапкершілікті арттыруға бағытталған қосымша құқықтық тетіктер пайда болады.
USD