Қазақстанның денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект технологияларын қолдану кеңейіп келеді. Қазіргі таңда ЖИ 15 өңірдегі мемлекеттік медициналық ұйымдарда өкпе және сүт безі қатерлі ісігін ерте кезеңде анықтауға қолданылады.
Мамандардың айтуынша, жаңа технология диагностиканың жылдамдығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік берген. Атап айтқанда, сүт безі обырын анықтау көрсеткіші 32 пайызға дейін өскен. Ал скрининг нәтижесін шығару мерзімі бұрынғы 30 күннен үш күнге дейін қысқарған.
Сонымен қатар зерттеулердің саны төрт есеге артқан. Радиологтардың бір медициналық зерттеуді талдауға жұмсайтын уақыты да айтарлықтай азайған. Бұған дейін маманға орта есеппен 40 минут қажет болса, қазір бұл көрсеткіш 10 минутқа дейін қысқарған.
Бұл туралы WDSOFT өкілі Ерлан Жәнібеков мәлімдеді.
Жасанды интеллект медицинаның эндоскопия саласында да пайдаланылып жатыр. Мәселен, колоноскопия кезінде жүйе дәрігерге ішек эпителийіндегі түзілімдерді анықтауға көмектеседі. Мұндай өзгерістерді қарапайым визуалды тексеру кезінде байқамай қалу қаупі бар.
ЖИ күмәнді түзілімді анықтаған жағдайда соңғы шешімді дәрігер қабылдайды. Эндоскопист алынған мәліметтерге сүйене отырып, биопсия жасау немесе анықталған түзілімді алып тастау қажеттігін бағалайды.
Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының Эндоскопия департаментінің басшысы Мейрам Құсайыновтың айтуынша, мұндай тәсіл қауіпті өзгерістерді ерте кезеңде анықтап, дер кезінде жоюға мүмкіндік береді.
Мамандардың пікірінше, жасанды интеллект дәрігерді алмастырмайды. Ол медициналық мамандардың жұмысын жеңілдетіп, ауруларды ертерек анықтауға және диагностика сапасын арттыруға арналған қосымша құрал ретінде қолданылуда.
USD