Шымкент қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандыққа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр.
Сот процесін судья Әбинұр Қарабаев жүргізуде. Іс мемлекеттік тілде, ашық форматта қаралып жатыр. Алайда судья айыпталушы Ернар Жиенбайды фото және видеоға түсіруге тыйым салды.
Еске сала кетейік, Ернар Жиенбай ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі («Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу») және 99-бабы 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша айыпталуда.
Оқиға 2025 жылдың көктемінде болған. Ернар Жиенбай Шымкент әкімдігі ғимаратының алдында Руслан Берденовке оқ атқан. Нәтижесінде Берденов оқ жарақатын алып, ауруханаға жеткізілген.
Күдікті мұндай әрекетке баруын Берденовтің «әйеліне тиіскен» деп түсіндірген. Алайда кейін Жиенбайдың әйелі бұл мәліметті жоққа шығарған.
Қазіргі қала әкімі Ғабит Сыздықбеков әкімдік ғимараты алдында орын алған бұл оқиғаға байланысты жария түрде пікір білдірмеді. Бұған дейін Айдарбек Ходжаназаров бұл жағдайды «тұрмыстық жанжал» деп атаған болатын.
Бүгінгі сот отырысына Руслан Берденовтың өзі қатысқан жоқ.
USD