Тоқаевтың Жолдауынан кейін «Самұрық-Энерго» басшысы қызметінен босатылды
«Самұрық-Қазына» қорының басқармасы «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовты қызметінен босату туралы шешім қабылдады. Бұл туралы үкіметтің ресми ресурстарында хабарланды.
Ресми мәліметке сәйкес, кадрлық шешім компанияның стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыру қарқынына және жаңа электр қуаттарын енгізу мерзімдеріне байланысты қабылданған.
Үкіметтің хабарлауынша, Қайрат Мақсұтовтың жұмысына қатысты негізгі сын – инвестициялық жобалардың баяу жүзеге асырылуы және жаңа генерациялау қуаттарын салу мен пайдалануға беру барысын бақылаудың жеткіліксіздігі.
Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында энергетика саласындағы мәселелерге тоқталып, жаңа электр станцияларын салу мен қолданыстағы нысандарды жаңғырту жұмыстарын жеделдету қажеттігін айтқан болатын.
Мемлекет басшысы энергетикалық нысандарды уақытылы іске қосудың маңызын атап өтіп, нақты нәтижеге басымдық беру керектігін жеткізді.
Қайрат Мақсұтовтың қызметінен босатылуы президенттің энергетика саласына қатысты мәлімдемелерінен кейін болды. Дегенмен ресми хабарламада кадрлық шешімнің нақты себептері ретінде инвестициялық жобалардың орындалу қарқыны мен жаңа қуаттарды іске қосу мерзімдерін бақылау мәселелері көрсетілген.
USD