Жаркентте бір айда 600-ден астам шоколад ұрлаған ер адам ұсталды
Жаркент қаласында дүкеннен тәтті өнімдерді тұрақты түрде ұрлап жүрген тұрғын анықталды. Ер адам бірнеше апта бойы сауда орнына келіп, шоколадтарды жасырын түрде алып шығып отырған.
Полицияға қаладағы сауда орталықтарының бірінің өкілі хабарласып, «Рахат Қазақстан» маркалы шоколадтардың жиі жоғалатынын жеткізген. Бейнебақылау камераларын тексеру кезінде дүкенге қайта-қайта келіп жүрген азаматтың әрекеті анықталған.
Жазбалардан күдіктінің сөрелерден шоколадтарды алып, оларды сөмкесіне немесе қалтасына жасырып, кассаға төлем жасамай шығып кеткені көрінген. Ол айналасындағы жағдайды бақылап, ешкім байқамаған сәтте ұрлық жасаған. Кей күндері мұндай әрекетін бірнеше рет қайталаған.
Тергеу барысында бір ай ішінде дүкеннен барлығы 625 дана шоколад ұрланғаны белгілі болды. Сауда орнына келген шығын көлемі 530 мың теңгеден асқан.
Панфилов аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел іс-шаралар нәтижесінде күдіктінің жеке басын анықтады. Ол Жаркент қаласының 41 жастағы тұрғыны болып шыққан. Ер адам жасаған әрекетін мойындаған.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, күдіктінің бұған дейінгі осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.
USD