Астана тұрғыны үйіне қайтып келе жатқанда болған жағымсыз жағдайды әлеуметтік желіде жариялады. Ол оқиғаның видеосын да бөлісіп, белгісіз ер адамның әрекеті туралы айтып берген.
Бойжеткеннің сөзінше, ол дүкеннен шығып, үйіне бет алған кезде артынан бір көліктің келе жатқанын байқаған. Қыз жүрісін жылдамдатқанымен, көлік жүргізушісі машинасын тоқтатып, оның соңынан жүгірген.
Ер адам қызбен бірге подъезге кіріп кеткен. Бойжеткен оның лифтіге кіруіне кедергі жасамаған, тіпті есікті ашып ұстап тұрған.
Алайда лифт ішінде ер адамның әрекеті өзгеріп, ол қызға тиісіп, денесіне қол тигізе бастаған. Бойжеткен одан мұндай әрекетін тоқтатуды талап еткен. Лифтіден шығып бара жатқан сәтте ер адам қыздың артынан теуіп жіберген.
Оқиға туралы полицияға хабарланған. Астана қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, ер адамның жеке басы анықталды.
Оған ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, іс материалдары соттың қарауына жіберілді.
Қазір ер адамның әрекетіне қатысты түпкілікті шешімді сот қабылдайды.
USD