БҚО-да кәсіпкер 251 млн теңге субсидияны заңсыз иемденіп, тұрғын үй сатып алған
Батыс Қазақстан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған мемлекеттік субсидияларды заңсыз пайдалану дерегі анықталды. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, кәсіпкер суару жүйелерін орнатуға бөлінген қаражатты жалған құжаттар арқылы алып, оның бір бөлігіне тұрғын үй сатып алған.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті «Агрокомплекс АРСЕН» және «ОнегеАгроСервис» компаниялары арқылы мемлекеттік қолдауға өтінім берген. Ол Жәнібек ауданына қарасты Күйгенкөл ауылында су үнемдеу технологияларына негізделген суару жүйелерін салу жобасын жүзеге асыратынын көрсеткен.
Алайда шығындарды растау үшін жалған төлем тапсырмалары мен орындалған жұмыстар туралы актілер ұсынылған. Осы құжаттардың негізінде күдікті бақылайтын серіктестіктердің есепшоттарына жалпы сомасы 251 млн теңге инвестициялық субсидия аударылған.
ҚМА мәліметінше, кейін қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған. Ақшаның бір бөлігіне тұрғын үй сатып алынған. Қазіргі уақытта сот аталған жылжымайтын мүлікке тыйым салған.
Аталған іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қаржылық мониторинг агенттігі Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеудің өзге деректерін жариялаудан бас тартты.
USD