Қазақстанда үш жаңа автокөлік бренді шығарылады: пилотсыз жүк көліктерінің өндірісі де іске қосылады.
Қазақстанның автомобиль өнеркәсібі алдағы жылдары жаңа бағытта дамиды. 2028 жылға дейін елімізде бірқатар жаңа өндірістік жобалар жүзеге асырылып, алғаш рет Li Auto, OMODA және JAECOO маркалы көліктерді шығару жоспарланып отыр. Сонымен қатар SITRAK брендіне тиесілі пилотсыз жүк тартқыштарды өндіру жолға қойылады.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында отандық автокөлік өндірісін дамыту және салаға заманауи технологияларды енгізу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
Министрдің мәліметінше, автозауыттарда жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді қолдану кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, өндірістегі қауіпсіздікті бақылауға арналған жасанды интеллект негізіндегі ахуалдық орталық іске қосылған. Жүйе бейнебақылау камералары, түрлі датчиктер және ақпараттық платформалардан алынған деректерді талдап, ықтимал қауіптерді анықтауға және оларды жедел шешуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда Қазақстанда жеңіл автомобильдер, автобустар, жүк және арнайы техника шығаратын 11 кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы жылдары салаға жаңа инвестициялық жобалар тартылып, өндірістік қуаттар арттырылуда. Соның ішінде жалпы инвестиция көлемі 346 млрд теңгеден асатын KIA Qazaqstan және Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауыттары іске қосылды.
Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, алдағы кезеңде автокөлік өндірісін кеңейтуге бағытталған жаңа жобалар жүзеге асырылады. Қазақстан мен Қытай арасындағы келісімдер аясында Li Auto, OMODA және JAECOO автомобильдерін шығару, SITRAK пилотсыз жүк тартқыштарын өндіру, сондай-ақ BYD компаниясымен бірлесіп жоғары жылдамдықты зарядтау стансалары желісін дамыту жоспарланған.
Бұл жобалар Қазақстандағы автомобиль жасау саласының өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.
USD