Еуроодақ Google-ға 890 млн еуро айыппұл салды: компанияға бәсекелестік ережелерін бұзды деген айып тағылды
Еуропалық комиссия Google компаниясына цифрлық нарықтағы бәсекелестік талаптарын бұзғаны үшін 890 млн еуро көлемінде айыппұл салу туралы шешім қабылдады.
Брюссельдің мәліметінше, америкалық технологиялық алпауыт өз сервистеріне артықшылық беру арқылы нарықтағы басқа ойыншылардың мүмкіндігін шектеген. Атап айтқанда, компанияның іздеу жүйесі мен Google Play қосымшалар дүкеніндегі саясатына қатысты шағымдар қаралған.
Тексеру нәтижесінде Google іздеу нәтижелерінде өзінің қызметтерін жоғары позицияларға шығарып, бәсекелестерге қарағанда тиімді жағдайға ие болғаны анықталған. Сонымен қатар, Google Play платформасында қосымша әзірлеушілерге өз өнімдерін балама арналар арқылы таратуға кедергілер жасалды деген қорытынды жасалған.
Еурокомиссия компаниядан аталған тәжірибелерді тоқтатуды талап етті. Қазіргі уақытта тараптар арасында келіссөздер жүріп жатыр. Google өз іздеу жүйесі мен Google Play жұмысына қатысты алгоритмдерді өзгерту шараларын бастаған. Компанияға қойылған талаптарды орындау үшін 60 күн мерзім берілді. Егер бұл талаптар орындалмаса, қосымша санкциялар қолданылуы мүмкін.
Еурокомиссияның цифрлық бағытқа жауапты өкілі Хенна Вирккунен бұл шешім цифрлық ортадағы әділ бәсекені қамтамасыз етуге және басқа компаниялардың дамуына жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті.
Еуроодақта ірі технологиялық компаниялардың нарықтағы үстемдігін шектеу үшін Цифрлық нарықтар туралы заң (Digital Markets Act) енгізілген. Құжат талаптарын бұзған компанияларға әлемдік жылдық табысының 10 пайызына дейін айыппұл салу қарастырылған.
Еурокомиссияның бәсекелестік мәселелері жөніндегі комиссары Тереса Рибера компаниялардың жетістігі нарықтағы ықпалына емес, өнім сапасына байланысты бағалануы тиіс екенін мәлімдеді.
890 млн еуро көлеміндегі бұл жаза Еуроодақтың цифрлық сектордағы компанияларға қолданған ең ірі санкцияларының бірі болып отыр. Бұған дейін ЕО 2025 жылы Meta компаниясына 200 млн еуро, ал Apple-ге 500 млн еуро көлемінде айыппұл салған болатын.
Google қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда, оған сот арқылы шағымдануға құқылы.
USD