Қазақстанға есірткі тасымалдаған Иран азаматы 10 жылға сотталды
Маңғыстау облысында есірткі контрабандасына қатысы бар деген айыппен Иран азаматы 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ол Қазақстан аумағына есірткіні асқазанына салып алып өтпек болған.
Прокуратураның мәліметінше, шетел азаматы биыл «Горган – Ақтау» бағыты бойынша әуе рейсімен Қазақстанға келген. Ұшаққа мінер алдында ол жалпы салмағы 1 келіден асатын апиын салынған 113 капсуланы жұтып қойған.
Оның мақсаты есірткіні Қазақстан аумағына жеткізіп, кейін заңсыз айналымға енгізу болған. Алайда Маңғыстау облысындағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері заңсыз әрекетті әшкереледі.
Сот шешімімен айыпталушы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген.
Прокуратура есірткі қылмыстары үшін заңнамада 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын еске салды.
USD